“Магистр” дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру тәртібі

1. “Магистр” дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлеу үшін білім беру гранттары (бұдан әрі – жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру гранттары) оқуға түсушілер мәлімдеген білім беру бағдарламаларының бір тобы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы куәлік беріліп, кешенді тестілеу (бұдан әрі – КТ) сертификатының балдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.

2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурста – КТ нәтижелерінің балдары, шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламаларының тобы бойынша КТ нәтижелерінің балдары, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша шығармашылық емтихан нәтижесі ескеріледі.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін КТ нәтижесі бойынша:

1) оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін ғылыми-педагогикалық және бейінді магистратураға, оның ішінде шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша – кемінде 75 балл;

2) оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін магистратураға – кемінде 50 балл жинау қажет.

КТ нәтижелерінің көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, білім беру бағдарламаларының бейіндік тобы бойынша тестілеу нәтижесі бойынша балы жоғары адамға басым құқық беріледі, одан кейін білім алуға әзірлігін айқындау бойынша тест нәтижесі, бұдан әрі – шет тілі бойынша тестілеу нәтижесі, одан кейін дипломға қосымшадағы (алдыңғы білім деңгейі) GPA (Grade Point Average – Грейт Поинт Эверейдж) ескеріледі.

“Педагогикалық ғылымдар”, “Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика”, “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар”, “Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары” білім беру саласындағы білім беру бағдарламаларының топтары, сондай-ақ “Гуманитарлық ғылымдар”, “Әлеуметтік ғылымдар”, “Бизнес және басқару” кадрларды даярлау бағыттары бойынша оқыту қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде жүргізілетін магистратураға түсуші адамдар стандартталған GRE (Graduate Record Examinations – Грэдуэйт Рекорд Экзэминейшнс) тестілеуінің халықаралық сертификаты болған жағдайда оқыту қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде жүргізілетін магистратураға түсуге арналған КТ-ден босатылады.

3. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші 20 тамызға дейін ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына немесе ақпараттық жүйе арқылы:

1) белгіленген үлгідегі бланкіде өтінішті;

2) жоғары білімі туралы құжатты (құжаттарды ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа);

3) КТ сертификатын (құжаттарды ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына тапсырған кезде);

4) “Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) 075-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы;

5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.

Магистратураға түсуші өтініште білім беру бағдарламасының тобын және үш ЖЖОКБҰ-ны көрсетеді.

4. Республикалық комиссия шешімінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығы шығарылады және оқуға түсушілерге жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы куәлік беріледі.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы куәлікті қабылдау комиссиялары азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 27 тамызға дейін береді.

“Бакалавр” немесе “магистр” дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру тәртібі

5. “Бакалавр” немесе “магистр” дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты (бұдан әрі – ЖАО білім беру гранттары) тиісті облыс және (немесе) республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен құрылатын ЖАО конкурстық комиссиясы өткізеді.

6. ЖАО білім беру гранттары өңірдің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларға қажеттілігі есебімен білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқуға түсушілер өтініш білдірген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сай білім беру гранттарын беру туралы куәлік берумен қоса ҰБТ және КТ сертификаттарының балдарына сәйкес беріледі.

7. ЖАО білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына жоғары білім алуға ақы төлеу үшін 5-10 тамыз аралығында 7-10-тармақтарға сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін 24-25 тамыз аралығында 22-тармаққа сәйкес құжаттарды тапсырады.

8. ЖАО комиссиясы шешімінің негізінде тиісті облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің немесе әкім орынбасарының бұйрығы шығарылады және оқуға түсушілерге ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік беріледі.

ЖАО білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарда жарияланады.

9. ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәліктің негізінде ЖЖОКБҰ-ның басшысы ЖАО білім беру гранты бойынша оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.

ЖАО білім беру гранты иегерімен “ЖАО-студент-ЖЖОКБҰ” үш жақты шарт жасалады.

Грант иегері ЖАО білім беру грантынан бас тартқан жағдайда ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік жойылады, білім беру гранты осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен конкурстық негізде беріледі.

ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясы күнді және ЖАО білім беру грантынан бас тартқан тұлғаның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акт жасайды және ЖЖОКБҰ-ның мөрімен бекітілген актіні күнтізбелік үш күн ішінде ЖАО-ға тапсырады.

ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлікті азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 25 тамыздан кешіктірмей береді.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:[email protected]
Жаңалықтарға жазылу