Грант ұтып алу үшін талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді. Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. Абитуриент сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунктін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды.

Егер бұрын талапкерлерге ҰБТ-да кітапшаның қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілетін болса, енді үміткерлер тестілеуді компьютер арқылы тапсыратын болады. Электрондық тестілеу форматы ашықтықты қамтамасыз етіп, ыңғайлы әрі тиімді болып табылады.

         Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыруға мүмкіндігі бар. Тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға тыйым салынады.

 Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Бұл мүмкіндік үміткерлердің грант ұтып алу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра түспек.

ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі: Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан.

Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.

Қатысушылар тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады. Сонымен бірге тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.

Тестілеу нәтижелері ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді

Электрондық ҰБТ нәтижелерін өңдеу барысында парақтағы ішінара боялған жауаптардың есептелмей қалуы сияқты техникалық қателердің болуы мүмкін емес. Тестілеудің бұл форматында оқушылар жауап парағын толтыруға уақыт жұмсамай, бұл уақытты тест тапсырмаларын орындауға пайдалана алады.

Компьютерлік тестілеудің тағы бір артықшылығы – ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша  жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады. 

ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:[email protected]
Жаңалықтарға жазылу