Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың тәртібі
Магистратураға, докторантураға және резидентураға шетелдіктерді қабылдау ақылы негізде жүзеге асырылады. Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу құқығы магистратура бағдарламалары бойынша стипендиялық бағдарламаларды есепке алмағанда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
Шет тіліндегі құжаттар мемлекеттік немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге беріледі.
Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар адамдар оқуға қабылданғаннан кейін оқудың 1 (бірінші) академиялық кезеңі ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нострификациялау рәсімінен өтеді.
ЖЖОКБҰ магистратурасына түсушілердің өтініштерін қабылдауды ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиялары және (немесе) ақпараттық жүйе арқылы күнтізбелік жылдың 15 маусымы мен 19 шілдесі аралығында жүргізіледі.
Магистратураға түсушілерге арналған араб тілінен түсу емтиханы және шығармашылық емтихандар ЖЖОКБҰ-да күнтізбелік жылдың 20 – 28 шілде аралығында өткізіледі.
ЖЖОКБҰ докторантурасына өтініштерді қабылдау күнтізбелік жылдың 3 шілдесінен бастап 10 тамызына дейін жүргізіледі. Докторантураға білім беру бағдарламаларының тобы бойынша түсу емтихандары күнтізбелік жылдың 17 тамызынан 22-не дейін өткізіледі.
Докторантураға қабылдау күнтізбелік жылдың 28 тамызына дейін жүргізіледі.