Бүгін Жәңгір хан университетінде мемлекеттік органдардың, ғылым, бизнес, даму институттары мен инвесторлардың басын қосқан «Технологиялар. Инвестициялар. Серіктестік: экономиканың жаңа өсу нүктелері» тақырыбында ғылыми-технологиялық семинар өтті.
Іс-шараны Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ұйымдастырды.
Семинардың негізгі мақсаты – ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы әріптестікті дамыту арқылы ғылыми әзірлемелерді бәсекеге қабілетті коммерциялық жобаларға, стартаптар мен жаңа өндірістерге айналдырудың тиімді тетіктерін талқылау болды.
Семинар жұмысына ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының, «Ғылым қоры» АҚ-ның, «QazInnovations» АҚ-ның өкілдері, кәсіпорындар, фермерлік шаруашылықтар, қаржы ұйымдарының басшылары мен инвесторлар қатысты.
Сараптамалық сессия басталар алдында қатысушылар БҚАТУ-дың ғылыми әзірлемелері көрмесімен танысты. Көрмеде университеттің өндіріске енгізуге, лицензиялауға және коммерцияландыруға дайын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің перспективалы нәтижелері ұсынылды.
Семинарды ашқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ғылыми-технологиялық кәсіпкерлікті дамытудың, инновацияларды өңір экономикасына енгізудің және университеттер мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сараптамалық сессия аясында жетекші сарапшылар ғылыми-технологиялық саясатты дамыту мен технологияларды коммерцияландырудың заманауи тәсілдерін таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Шевченко елдің ғылыми-технологиялық дамуын басқарылатын жүйеге көшіру жөнінде баяндама жасады.
«ҰАҒБО» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула агроөнеркәсіптік кешендегі ғылым мен бизнес серіктестігін дамытудың құралы ретінде ҰАҒБО агрохабының мүмкіндіктерін таныстырды.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов «Ғылыми әзірлемеден нарыққа дейін: әріптестік, қаржыландыру және технологияларды коммерцияландыру тетіктері» тақырыбында баяндама жасап, онда ғылыми әзірлемелерді идеядан нарыққа дейін ілгерілетудің қолданыстағы тетіктері, инновацияларды қолдау инфрақұрылымы, университеттің перспективалы технологиялар портфелі және инновациялық жобаларды қаржыландырудың өңірлік жүйесін дамыту жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын университет әзірлемелерін табысты коммерцияландырудың практикалық мысалдары тудырды.
«Ақназар-Жайық» ЖШС инженері Ахмет Ихсанғали Батыс Қазақстан облысының құрғақ дала аймағында суармалы жағдайда жоғары ақуызды соя өсіру технологиясын коммерцияландыру бойынша «Ғылым қоры» АҚ гранттық жобасын іске асыру нәтижелерін таныстырды.
Жоба Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр және ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына табысты енгізудің үлгісі саналады. Жоба аясында заманауи өндірістік инфрақұрылым құрылып, бес Valley FP500 жаңбырлатып суару машинасы пайдалануға берілді, 400 гектар соя егістігі игерілді, 400 тонна өнім алынып, өнімді нарыққа шығару қамтамасыз етілді. Сонымен қатар технологияны мамандандырылған сайт, әлеуметтік желілер және технологиялар трансфері жөніндегі іс-шаралар арқылы ілгерілету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тағы бір табысты тәжірибе ретінде «ТұранПромРесурс» ЖШС директоры Гүлмаржан Укашованың «Технологиялар трансферінің табысты тәжірибесі: БҚАТУ-дың патенттелген әзірлемесін өнеркәсіптік өндіріске енгізу» тақырыбындағы таныстырылымы ұсынылды.
Университет пен кәсіпорын арасындағы лицензиялық келісім шеңберінде БҚАТУ ғалымдары әзірлеген қайта өңделген шыны сынықтарын пайдалана отырып бетон төсеніш тас өндіру технологиясы өндіріске енгізілді.
Аталған жоба ғылыми зерттеулерден және патенттеуден бастап лицензиялау, өндірісті іске қосу және құрылыс материалдары нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнім шығаруға дейінгі толық инновациялық циклді көрсетеді.
Семинардың жеке бір бөлігі университеттің инновациялық инфрақұрылымын дамытуға арналды. Қатысушыларға аккредиттелген сынақ орталығының, он заманауи зертхананың және агротехнологиялық стартаптарды дамыту, инновациялық шешімдерді сынақтан өткізу және инвестициялар тарту алаңы ретінде қарастырылып отырған «Батыс» агропаркінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар университеттің ғылыми әзірлемелерінің жоғары әлеуетін, бизнестің инновацияларды енгізуге дайын екенін және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктерін одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Аталған ғылыми-технологиялық семинар ғылым, бизнес және мемлекеттің тиімді өзара іс-қимылы жаңа өндірістер құрудың, инвестициялар тартудың, отандық технологиялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және өңір экономикасының жаңа өсу нүктелерін қалыптастырудың негізгі шарты екенін растады.
Жәңгір хан университеті кәсіпорындарды, инвесторларды және даму институттарын инновациялық технологияларды енгізу, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру және перспективалы әзірлемелерді коммерцияландыру саласында ынтымақтастыққа шақырады.













