Үміт ұстаз

Биыл – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына 60 жыл. Білімнің қара шаңырағында жемісті қызмет атқарып, еліміздегі білімді де білікті мамандардың қатарын толықтырған ұлағатты ұстаздар аз емес. Бүгін солардың бірі туралы ой қозғамақпын.

Яғни, менің ойтолғамымның басты кейіпкері – Үміт Қобланованың есімі университет үшін қаншалықты ардақты болса, біздің әулетіміз үшін де құрметтілер қатарында. Жалпы Үміт апа өңіріміздегі тағы бір іргелі оқу орны – қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде де абыройлы еңбек етті.

1950 жылдардың соңы, 1960 жылдардың басында отбасымыздың үлкені, апам Тайба Сатпайқызы физика-математика факультетін физика мамандығы бойынша оқып тәмамдады. Сол кезде Үміт Бисенқызы осы мамандықта оқитын студенттердің 1-курстан бастап кураторы болды. Апам Үміт апаны зор ризашылықпен, ыстық ілтипатпен еске алып отырушы еді. Ол кезде қаламыздағы қазіргі Студенттер көшесі «Торговая» деп аталушы еді, қазіргі «Суровская» дүкенінің орнында қызыл кірпіштен қаланған әскери қоймалар болды. 1970 жылдың мамыр айында мен сол маңайда орналасқан қалалық әскери комиссариаттан әскерге аттандым.

Үміт апа тек куратор ғана емес, ауылдан келген қыз-жігіттердің анасындай қамқор бола білді. Үміт апайдың студенттері, Тайба апамның курстас-группаластары да осал болмады. Мысалы, Сырым ауданының тумасы Мереке Ахметов – ғылым кандидаты, доцент, қаламыздағы жоғары оқу орнында қызмет атқаруда. Маған физикадан сабақ берген Тасқала ауданы, Шежін ауданынан келген Темір Абенов жоғары оқу орнында сабақ берді. Үміт Бисенқызының жақсы көретін студенттерінің бірі – Әмина Байарыстанова болатын. Оның әкесі Сағидолла ағай – Ұлы Отан соғысына қатысушы, осы факультеттің түлегі әрі қызметкері. Әмина Сағидоллақызы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдап, дифференциалдық теңдеулер мамандығы бойынша диссертация қорғап, сол кездегі қаламыздағы Ауыл шаруашылығы институтының физика-математика кафедрасының меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. Тайба апамыздың ұлы Бауыржан да осы университеттің түлегі, немересі қазір 2-курс студенті.

Ал маған және менің курстастарыма, яғни болашақ инженер-механиктерге 1972-1973 жылдары Үміт Бисенқызы аналитикалық геометриядан бастап дифференциалдық теңдеулер (дифур), математикалық талдаулар (матанализ) курстары бойынша дәріс берді. Ол кезде барлық сабақ орысша жүретін еді. Бұл, әсіресе, Атырау, Ақтау, Қызылорда өңірлерінен келген жастарға өте қиын болды. Ал Үміт апайымыз дәрісті орысша оқып тұрып, асқан шеберлікпен қазақша жалғастырып кете беретін еді. Сонда қазақша бір ауыз сөз білмейтін өзге ұлттың жастарының өзі түсініп, сол тақырыпты меңгеріп алатын. Практикалық сабақтарды Мәскеудегі аспирантураға бармастан бұрын Әмина Байарыстанова өзі жүргізді. Кейін қызылордалық курстасым Кеңес Ибадуллаевтың немересіне ұстазымыз Үміт апаның есімін беріп, құрмет көрсеткені де есімде. Кеңесті біз Жақсылық деп атайтынбыз. Ол тіпті апайға өлең шумақтарын да арнады:

Өмірден көп көргені,

Ғылымнан мол білгені.

Үміт апай – қамқоршым,

Жаныма жақын келгені.

Сол кезеңдер есімде,

Ғылым-нұрдың көшінде.

Жарқын мінез, кең пейіл,

Жаны жайсаң жан еді.

Бірде сабақ сұрайтын,

Кейде қалжың құрайтын.

Осы бітім, болмысы,

Шәкірттерге ұнайтын.

Болмысыңды ерекше сезінгенмін,

Қасиетіңді кезінде танып-білдім.

Сондықтан да немереме,

Есім бердім «Үміт» деген.

Сенімім немереммен ақталар деп,

Осы есіммен кей кезде мақтанам көп.

Есімі ұстазымның болғаннан соң,

Жүремін үміттерді жалғағым кеп!

 Үміт Бисенқызының жұбайы Хайролла Сағынайұлы мен әңгімелеген жылдарда кандидаттық диссертациясын қорғаса, кейінірек Үміт апамыз математика мен философияны ұштастырып, философия ғылымдарының кандидаты атағына диссертация қорғаған еді.

Тағы бір еске алар сәт – 1977 жылдары физика-математика факультетінің «математика» мамандығын тәмамдаған қарындасым Қания Сәтпайқызы мемлекеттік емтихан тапсырғанда, комиссияның төрайымы Үміт апайымыз болған екен. Осындай ұстаздардың тәлімін алған Тайба апам да, Қания қарындасым да зейнеткерлікке шыққанға дейін қазіргі Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылындағы Бисен Жәнекешов атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Қания қарындасым Қазақ ССР-інің халық ағарту ісінің озық қызметкері атағын алды.

Мінекей, Айталиевтер әулетінің үш ұрпағының өмірінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Үміт Қобланова осындай жан еді. Бүгінде өзі өмірден өтіп кетсе де, есімі шәкірттерінің жүрегінде сақтаулы.

Ермек АЙТАЛИЕВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

2005 жылғы ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы,

алғашқы грант иегері 

090009, Республика Казахстан, город Уральск, улица Жангир хана, 51
  • Приемная ректора:8 (7112) 50 13 74
  • Канцелярия:8 (7112) 52 21 00
  • Приемная комиссия:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Подписаться на новости