«Болашақ» бағдарламасының түлегі

Алпыс жылдық Жәңгір хан университетінде қызмет етіп жүрген белді, беделді ғалымдар аз емес. Солардың бірі – Индустриалды-технологиялық институтының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Бақытжан Бұрханов. 2015 жылдан бері университетімізде қызмет атқаратын ғалым-ұстаз – бір монографияның, бір патенттің және жеті оқулық пен оқу құралдарының авторы.

Сыр өңірінде қарапайым жұмысшылар отбасында дүние есігін ашқан  Бақытжан Жамбылұлы қазақ мектебінде білім алып, одан әрі жоғары оқу орнына түсіп, бүгінде алған білімін ел игілігі үшін пайдаға асырып келеді. Кейіпкеріміздің өмірбаянына үңілсек, онжылдықты бітіргеннен кейін 1991-1996 жылдары Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің «Мұнай және газ» институтында оқыған. «Мұнай және газ ұңғымаларын зерттеудің геофизикалық әдістері» мамандығына мемлекеттік тапсырыс бойынша түскен бозбала университеттен «Тау-кен инженер геофизигі» біліктілігін алып шығады. Алдымен туған жеріне қызмет етуді ойласа керек, еңбек жолын 1998 жылы Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінде оқу шебері қызметінен бастаған екен. Аталған білім ордасында «Мұнай және газ» факультеті деканының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, одан кейін факультет деканы қызметтерін 10 жылдан астам абыроймен атқарған.

Ғылым жолы ізденісті талап ететіні сөзсіз. Осыны анық ұғынған ұстаз 2005 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің диссертациялық кеңесінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, «техника ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алған.

2009-2011 жылдары Бақытжан Жамбылұлы «Мұнай және газ» факультетінің деканы қызметінде жүріп, факультеттің материальды-техникалық базасының, ғылыми жұмыстарының дамуына күш салады. Сонымен қатар «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша бітіруші студенттердің Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуына  көп еңбек сіңірген.

Осындай қауырт қызметпен қатар ғылыми жұмыстарын жалғастыруды да ұмытпаған. Соның нәтижесінде Қорқыт ата университетінің үш ізденушісінің диссертациялық жұмыстарына  жетекшілік етеді. Олар да ғалым-ұстаздың үмітін ақтап, ғылыми диссертацияларын сәтті қорғап, «техника ғылымдарының кандидаты» атанады.

Кейіпкеріміздің өміріндегі елеулі тұстардың бірі – 2009 жылы халықаралық «Болашақ» бағдарламасының степиндианты ретінде Жапония елінде нанотехнология саласы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуі.

Ал 2015 жылы Б.Бұрханов Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне шақыртумен келеді. Батыс өңірдегі іргелі жоғары оқу орнында «Мұнай, газ және машина жасау технологиясы» кафедрасының доценті қызметін атқарады. 2016-2019 жылдары «Мұнай, газ және машина жасау технологиясы» және «Мұнай және  газ» кафедраларының меңгерушісі болып еңбек еткен. Қазіргі уақытта университеттің Индустриалды-технологиялық институтының «Мұнай, газ және химиялық инженерия» жоғары мектебінің доценті болып жұмысын жалғастыруда.

Еліміздің маңызды саласының кәсіби мамандарын даярлай жүріп ғылымнан да алыстамаған Бақытжан Жамбылұлы осы уақытқа дейін 60-тан астам ғылыми мақалаларын шет елдердің жоғары бағаланатын  журналдарында және еліміздің көптеген баспалары мен конференцияларында жариялаған. Бір монографияның, бір патенттің және жеті оқулық пен оқу құралдарының авторы. Халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми жұмыстар байқауларында жүлделі орындардың жеңімпазы болған студенттердің ғылыми жетекшісі.

Бүгінде мерейлі 50 жасқа толған ғалым-ұстаз еліміздің бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің, университет басшыларының алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. 

Бірге еңбек ететін ұжымы да мерейтойы иесін адамгершілігі мол жан, іскер маман, сыйлы әріптес ретінде құрметтейді. – Бақытжан Жамбылұлы өзіне тапсырылған жұмыстарды уақытында, жауапкершілікпен орындайды. Ұжымда беделі бар, қызметкерлермен жақсы қарым-қатынаста. Ғалым ретінде алдына қойған өзінің мақсаттары бар. Сонымен бірге отбасына қамқор азамат, сүйікті әке ретінде де танимыз, – дейді «Мұнай, газ және химиялық инженерия» жоғары мектебінің жетекшісі Баян Елемесқызы.

090009, Республика Казахстан, город Уральск, улица Жангир хана, 51
  • Приемная ректора:8 (7112) 50 13 74
  • Канцелярия:8 (7112) 52 21 00
  • Приемная комиссия:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Подписаться на новости