Жауһар ойдың иесі

Бүгінгі кейіпкерімізді «тұлға» деп айтуға толық негіз бар. Себебі өз мамандығын шексіз сүйетін, өскелең ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген, шәкірттері мен әріптестерінің құрметіне бөленген мұндай жанның тұлғалық қасиеті орасан зор. 

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиевті қалың көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық секілді. Білім ордасындағы қазыналы қариялардың бірі, үнемі қарапайым қалпынан танбай, парасаттылық танытып жүретін Тілекжан Хасенұлын университеттегі жастар да, үлкендер де үлгі тұтады, құрметтейді. Қасиетті Орда топырағында дүние есігін ашқан белді ғалым, ұлағатты ұстаз Тілекжан атайды «дария кеуде, тау мүсін» абыз ақсақалға, асқан ойшыл ғалымға теңесе де жарасады.

Алпыс жылдық тарихы бар қара шаңырақ – Жәңгір хан унвиерситетінде 2004 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан ғалым-ұстаз философия саласын терең зерттеп, республика деңгейіндегі танымал ғалымдардың санатына қосылғанының өзі көп нәрсені аңғартады. Негізінен философия – жалпы адамзаттық ілім, даналық ұғымымен астасып жатқан сала. Осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» Тілекжан Хасенұлы жасы 85-ке келсе де, әлі күнге қағаз-қаламынан бір елі ажырамай келеді. Облыстық, республикалық деңгейдегі басылымдарға мақалаларын жариялап, өзінің бағалы уақытын ізгі істерге арнап келеді. Кейіпкеріміздің «Философия тарихы» атты оқулық кітабын еліміздің барлық өңіріндегі студенттер пайдаланып жүр.

Өмірден көрген-түйгені мол кейіпкеріміз туралы бір кездері Жәңгір хан университеті басқарма төрағасы-ректордың бірінші орынбасары, стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор Өтеген Байырғалиұлы Таубаев «Қазақтың Сократы» деген мақала жазған екен. Расымен де, табылған теңеу, лайықты бағалау. Сократ – ежелгі грек философы болса, Тілекжан Рысқалиев – қазақ даласындағы Әл-Фараби, Баласағұн, Абай, Шәкәрім секілді кемеңгер ойшылдардың сарқыншағы іспетті.

«Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рахат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында» деген екен түрік ойшылдарының ең мәшһүрі, ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Мінекей, осындай пәлсапалық ой Тілекжан Хасенұлы секілді адамдарға арналып айтылған секілді. Алдына қойған мақсатын  игілікке бағыттап, ізгілікті істердің басы-қасында жүретін ғалым-ұстаз шыныменен де бақытты.

Сыртқы болмыс-бітімімен-ақ өзгелердің көзіне жылы ұшырайтын Тілекжан ағаға әріптестерінің де ықыласы ерекше. Әрдайым құрақ ұшып, құрмет көрсетіп, ізеттілік танытып жатады. Көпті көрген қария да олардан ақыл-кеңесін аямай, арасында әзілімен жандарын жадыратып, жақсы көңіл күй сыйлап жүреді. Бүгінгідей қым-қуыт заманда, күнделікті күйбең тірлікпен ойлары сан-сақта жүретін адамдардың көңілін серпілтетін мұндай жандар сирек екені жасырын емес.

Әріптестері ғалымның философиялық ғылыми еңбектерінің өзі ізденуші адамға түсінікті тілмен жазылғанын, сонысымен көпшіліктің сұранысына ие екеніне сенім білдіреді. Өзгенің жетістігіне қуана білетін, жас мамандарға қолдау көрсетіп, шәкірттерін өз баласындай тәрбиелейтін ғалым-ұстаз «бүгінгі күн – ертеңгі тарих» дегенді жиі айтады екен. Қолынан газет-журналын тастамай, әр басылымдағы тұшымды мақалаларды қалт жібермей оқып жүретін ерекше қасиеті де бізге аян. «Қарап отырмай мақала жазыңдар, үнемі жазған адамның өзіндік жазу дағдысы қалыптасады» деп әріптестеріне әрдайым айтып жүретін Тілекжан ағамыздың биязы мінезін, салмақты тұлғасын, өмірге құштарлығын, сауатты жазу шеберлігін, жұмыстағы жауапкершілігін басқаға ұқсату мүмкін емес. Ол – өзінше бір дара тұлға.

«Данышпандар мен ғалымдар біз қарайтын өмірге басқаша қарайды. Олар ерекше ойлау қабілетіне ие» деген екен Нарша Булгакбаев есімді жас қаламгер. Осы дәйексөзді оқыған кезде де өмірді шексіз сүйетін сабырлы ұстаз,  тамаша ғалым Тілекжан Хасенұлы ойға оралады.

Қазақта «тектіден текті туады» деген ұғым бар. Осы ретте Тілекжан ағамыздың әкесі туралы да айтпай кетпеуге болмас. Хасен Рысқалиев Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынға қатысып, ерлігімен және ержүректілігімен жиі көзге түскен екен. Бұған дәлел – бірінші және екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталуы, бас қолбасшы И.В.Сталиннің атынан он рет алғыс алуы. Сонымен қатар коммунист болып, еліне адал қызмет еткен. Осындай мақтан тұтар әкенің тәлімін көрген кейіпкеріміздің тектілігі – қарапайымдылығында, бауырмалдығында, адалдығында, еңбекқорлығында деп ойлаймын. Басқа марапаттарын айтпағанның өзінде ол кісі екі рет – 1990 және 2006 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталыпты. Біле білген адамға оқытушы үшін, ғалым-ұстаз үшін бұдан артық марапат болмайтын шығар.  

Бүгінде 85 жасқа келсе де, көңілі сергек, қимылы ширақ, жүрісі тың Тілекжан атамыз торқалы 90 жасқа дейін де қатардан қалмай, саналы ғұмыр кешіп, биік тұлғасымен көш басында жүреріне сенім мол. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚАТУ медиа орталығының директоры       

090009, Республика Казахстан, город Уральск, улица Жангир хана, 51
  • Приемная ректора:8 (7112) 50 13 74
  • Канцелярия:8 (7112) 52 21 00
  • Приемная комиссия:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Подписаться на новости