Қай білім ордасының да кемелденуінің негізінде тұратын қуатты ресурсы – оның профессор-оқытушылар құрамы. Бүгінде 60 жылдың асуын бағындырған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Қазақстанның батыс өңіріндегі ғылым мен жоғары білімнің іргелі ошағына айналуына бірден-бір себепкер болған оның ғалымдар корпусы. Университет тарихының әр белесінде өзіндік орны бар ғалым Балуаш Бақышұлы Траисов – ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болған осындай шоқтығы биік азаматтардың бірі.
Мақалада ғалымның өмір жолы, ғылыми білімі, эрудициясы, адалдығы және басқа да қасиеттері туралы баяндалады. Оның барлығы – Балуаш Бақышұлының сирек интеллект иесі, ерекше шыңдалудан өткен зияткер ғалым, даланың дара дарынды тұлғасы екендігінің дәлелі.
Балуаш Бақышұлы – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының толық мүшесі, Қазақстанға, жақын және алыс шетелдерге белгілі биязылау жүнді кроссбредті қой шаруашылығының ғалым-селекционері. Қырық алты жыл бойы өзі білім алған Жәңгір хан университетінде жемісті жұмыс істеп келе жатқан ғалымның университет ғалымдарының алғашқы легінен алатын орны ерекше.
Балуаш Бақышұлының барлық ғылыми-педагогикалық қызметі өзі оқып- білім алған ALMA MATER-мен байланысты, мұнда ол аға ғылыми қызметкерден бастап ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректорға дейінгі ғылыми және кәсіби өсу сатыларынан өтті. Яғни, аға ғылыми қызметкер, оқытушы, профессор, «Зерде» ғылыми-өндірістік орталығының директоры және 17 жыл ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор лауазымдарында жұмыс істеді. Қазіргі уақытта осы университеттің «Мал шаруашылығы және биоресурстар» жоғары мектебінің профессоры болып қызмет атқарады.
Әр түрлі лауазымдарда жұмыс істей жүріп, Балуаш Бақышұлы өзін құзыретті, бастамашыл басшы ретінде көрсете білді. Ұйымдастырушылық қабілеті, белсенді ғылыми-педагогикалық қызметі университеттің ғылыми әлеуеті мен халықаралық ынтымақтастығының қалыптасуына, дамуына зор ықпал етті.
Профессор Б.Траисов Жәнгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып қызмет атқарған жылдарында білім ордасының сол кездегі ректоры, профессор Қ.Қ.Бозымовпен бірге 1997 жылы «Ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру, селекция, генетика және көбею», «Жеке зоотехния, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы», «Жалпы егіншілік», «Өсімдік шаруашылығы» мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі өңірдегі алғашқы диссертациялық кеңесті ашып, сол кеңестің алғашқы төрағасы ретінде жергілікті ғылыми кадрларды даярлауға зор үлес қосты. Диссертациялық кеңестің жұмыс жасау барысында кандидаттық, докторлық жұмыстарын қорғап шыққан ғалымдар өздеріне ғылым жолына түсуге жағдай жасап, ғалым атануға зор мүмкіндік берген Қазыбай Қараұлы мен Балуаш Бақышұлының орасан еңбегін алғыспен атап өтеді.
Профессор Б.Б.Траисов отандық ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына елеулі үлес қосты, қой өсіруші ғалымдар В.А.Бальмонт, К.У.Медеубековтың кроссбредті қой шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстарын жалғастырды. Кафедраның (қазіргі жоғары мектеп) ғалымы және профессоры ретінде ол жетілген кәсіби дайындығымен, қой шаруашылығындағы селекция теориясы мен практикасын терең білуімен, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың танымдық және ғылыми қызметін жандандырудағы шығармашылық қабілетімен ерекшеленеді
Балуаш Бақышұлының шығармашылық, ғылыми қызметі биязылау кроссбредті жүнді және етті-майлы қойларды селекциялау, өсіру, күтіп-бағу және ұстау саласындағы кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Батыс Қазақстанның күрт континенттік аймағы үшін ол отандық және шетелдік генотиптердің түрлі тұқымдарының етті-жүнді қойларын пайдалану арқылы Ақжайық етті-жүнді қойларының ет және жүн өнімділігін арттыру әдістерін әзірледі. Ол 440-тан астам ғылыми еңбегін жариялады, оның ішінде етті-жүнді және етті-майлы қойларды сұрыптау, өнімділік және асыл тұқымдық қасиеттерін жетілдіру мәселелеріне арналған монографиялар, қой шаруашылығы бойынша оқу құралдары, өндіріске ұсынымдары бар. Батыс Қазақстанда өсірілген жаңа қой тұқымы – Ақжайық етті-жүнді кроссбредінің авторы.
Профессор Б.Б.Траисов Ақжайық етті-жүнді тұқымды қойларының тұқымішілік зауыттық етті сүлесін және Ақжайық етті-жүнді қойларының үш зауыттық аталық іздерін құрды: ірі салмақты «БАЛИ – 1395» аталық ізі және «БАК – 4087» ұзын жүнді аталық ізі, БҚАТУ – 7082 – қою жүнді аталық ізі. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті – мал шаруашылығындағы жаңа селекциялық жетістікке патент иесі, ал профессор Б.Б.Траисов – Ақжайық етті-жүнді тұқымды қойларының тұқымішілік зауыттық етті сүлесінің және үш зауыттық аталық іздерінің авторы.
Балуаш Бақышұлы өзінің бар білімін, күш-жігерін, ғылыми және шығармашылық қабілеттерін ауыл шаруашылығы мамандары мен ғылыми кадрларды даярлау мен тәрбиелеуге арнады. Оның ғылыми-практикалық қызметінің өзіне тән ерекшелігі – ҚР Ғылым және білім, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің Ғылым комитеті аясында Батыс Қазақстанның етті-жүнді және етті-майлы қойларының асыл тұқымды және өнімді қасиеттерін жетілдіру бойынша гранттық жобаларды әзірлеуге, облыстың шаруа және фермер қожалықтарына ғылыми зерттеулер мен ұсынымдардың нәтижелерін іс жүзінде іске асыруға бірнеше жыл бойы жетекшісі және орындаушысы ретінде белсенді қатысты.
Б.Б.Траисов ауқымды ғылыми жұмыс жүргізіп қана қоймай, педагогикалық қызметпен де белсене айналысады. Студенттердің – дипломдық, магистранттардың, аспиранттар мен ізденушілердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап келеді.
Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған ғалымның жетекшілігімен төрт докторлық (оның ішінде 3 ауыл шаруашылығы докторы және 1 биология ғылымдарының докторы), жеті кандидаттық, бір PhD докторы диссертациясы, «Зоотехния», «Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу технологиясы», «Биотехнология» мамандықтары бойынша 20-дан астам магистрлік диссертация сәтті қорғалды.
Шәкірттері Қазақстан мен Ресейдің Жоғары білім беру және ғылыми орталықтарында табысты қызмет етуде. Солардың қатарында өзімнің де бар екенімді мақтан тұтамын.
Маған Балуаш Бақышұлын жолықтырған тағдырыма шексіз ризамын, ғалым-ұстаз мені ғылыми ортаға қосып, үлкен ғылыми дайындықтан өткізіп, ғылыми-зерттеу тәжірибелері мен эксперименттерін жүргізудің белгілі бір практикалық дағдыларын үйретіп, айталықтай ғылыми мәдениетті бойыма сіңірді. Мен үшін Балуаш Бақышұлы тек тәлімгер ғана емес, білімді де білікті ғалым, жастардың ақылшысы, жанашыры. Сондықтан да ғалымды әрдайым тұлға ретінде құрмет тұтамын. Ол өз әріптестерін сарқылмас ынта-жігерімен талпындырып, әр ғылыми қызметкерін өзінің шығармашылық ортасына тартып, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан оның әріптестері, қызметкерлері мен шәкірттері мұндай жанашыр және талапшыл ғалыммен жұмыс істеу оңай және жемісті екенін айтып жүр. Ол әрдайым таңғажайып еңбекқорлығымен, қажымас жігерімен, адалдығымен, қарапайымдылығымен, адамгершілігімен үлгі болып, әріптестеріне, жақындары мен достарына жанашырлықпен, ал жас ғалымдарға үлкен жүректі әке ретінде қамқорлық танытады.
Ізімғали ЖҰБАНТАЕВ,
шәкірті, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, қауымдастырылған профессор